Негізгі бет| Менің профилім| Тіркелу| Шығу| Кіру Жексенбі, 22.06.2025, 11:21                                    Сіз Қонақ ретінде кірдіңіз | Топ "Қонақтар" Қош келдің Қонақ | RSS
Сайт мәзірі
Тіркеу формасы
Іздеу...
Статистика

Счетчик посещений Counter.CO.KZ - бесплатный счетчик на любой вкус!
Негізгі » Файлдар » Базарлық

Ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен жол-жоралғылары
24.05.2010, 23:28

НЕКЕ ҚИЯР

Неке қияр (ғұрып). «Ауылнаймын, немесе қағазсыз неке қимаймын, жаназа оқытпаймын, деп Көдебай бір дікілдейді» (Б.Майлин). Неке қасиетті ұғым, беріктік шарты. Қазақ халқы мұны «ақ неке» деп ардақтайды. «Ақ некелі жарым» деп мақтанады. Бас қосқан ер мен әйелдің міндетті түрде некесі қиылады. Ол көпшілік алдында жасалады. Қосылған бірақ некесі қиылмаған адамдарды халық «некесіз» деп сөккен және оларға салқын қараған. Олардың балалары да «некесіз туған» деген жаман атқа қалған. Ауыз әдебиетінде неке қир кезінде айтылатын куәлік сөз бар. «Неке қияр сөз» деп неке қияр кезде екі арада жүретін екі куәнің күйеу мен қыздың ырзалығын сұраған уақытта айтатын сөздерін айтамыз. Бұл әнмен айтылмайды. Бірақ өлеңше ұйқасқан, дәйім бір қалыпты айтылады. Мысалы:
Куә, куә куәдірміз,
Куәлікке жүрәдірміз.
Мұнда халық қасында,
Таңда хақ қасында
Екі кісі хақ куәлік бередүрміз.Пәленшеден жаралған (әкесін айтады), пәленшеден туған (шешесін айтады), пәленше қызды (қызды айтады), халал жұптылыққа қабыл көріп алдыңыз ба?
Қызға айтқанда да бәрін осы қалыпта айтып, аяғында «пәленше халал жұпты болдыңыз ба?» дейді (А.Байтұрсынов).
Осы сөздерде келтірілгендей жігіт те, қыз да жұпты болғандығын өз аузымен мақұлдайды. Содан кейін екеуі неке суын ішеді. Бұдан кейін олардың некесі қиылып, ерлі зайыпты адамдар болып саналады. Үлкендер жақсы тілек тілеп, қол жайып бата береді.
Шариғат бойынша қалыңдық екіқабат болса неке қиылмайды, ол босанғаннан кейін қиылады. Жеті атаға толмаған қыз, жігіт некеге отырғызылмайды.
Неке туралы ислам дінінің өз заңы бар. Кейде өзбек, қазақ, қырғыз, татар, башқұрт сияқты түркі халықтары қыз алысып, қыз берісіп жатады. Бәрі де ислам қауымынан болғандықтан мұндай некеге рұқсат етілген. Егер қазақ жігіт орыс қызын алатын болса, ол әйел мұсылман дініне кіріп, тілін, салт дәстүрін толық мойындайтындығы туралы уәде беріп, оны орындауы керек. Некеге сонда ғана рұқсат берілген. Мысалы, орыс қызы Мария Рыкина қазақ жігіт Дүйсенге шығып, олардың сүйіспеншілігінен «Дудар ай» деген ғажайып ән туды. Олардың есімі бүкіл қазақ еліне аңыз боп тарады. Ақын Х.Бекхожин бұлар туралы дастан жазды. Қазақ орыс арасындағы мұндай неке бұрын да, қазір де бар.

АБЫСЫН АСЫ

Абысын асы (салт).
«Абысын тату болса ас көп» (мақал).
Бұрын бір ауылдың әйелдері яғни абысындар күнделікті өмір күйбеңімен ертелі-кеш үй шаруасында жүреді. Олар ата-ене, күйеуінің рұқсатынсыз ешқайда шыға алмайды. Кейде ауыл адамдары айтқа, тойға, қазаға үлкен-кішісі аттанып кетеді де ауылда тағы да сол әйелдер қалады. Абысындардың еркіндеп қалатын кезі міне осы сәт. Олар мұндайда өздері бір үйге бас қосып жылы-жұмсағын қазанға салып, шәй қойып өздері бір кеш сауық жасайды, өлең айтады, бой көтереді, сырласады. Дастарханды кең жайып дәм татады. Міне, осы бас қосу, осындағы дәм «абысын асы» деп аталады. Бұл да қазақ әйелдерінің ырысты ынтымағының көрінісі болатын.

АЙРЫЛЫСАР КӨЖЕ

Айрылысар көже (салт). Көрші қонғанда «ерулік» беріп, қыстай немесе жаздай бірге отырған, сйласқан отбасылар қоныс аударып бөлінген жағдайда олар енді «айрылысар көжеге» шақырады. «Көже» деп сыпайылап атағаны болмаса сыйлы, сыбағалы табақ тартылады. Олар бір-біріне ризашылығын білдіріп, «ұрыспай айрылған ұялмай қосылар» деп тағы да аман-сау қосылуға тілек білдіреді. Бұдан олардың бірін-бірі сыйлау, қимастық көңілдері көрінеді. «Айрылысар көже» – адалдық әрі әдемі дәстүр.

АЙТЫС

Айтыс (дәстүр, өнер).
«Жүлде алдым талай-талай айтыста да»
(Н.Ахметбеков).
Айтыс – әдебиет жанры болғанымен ертеден қалыптасқан халықтық дәстүрдің үлкен түрі. Ойын, той, ас, қыз ұзату, келін түсіру сияқты қазақ тойлары жүйрік ат, білекті палуандармен бірге айтыс ақындары да қатысып, олар айтыс арқылы той қызығы мен мәртебесін көтере түскен. Әрине мұндай жерде айтыстардың өз мақсаты, талабы, шарты бар. Айтыстың түрлері де көп. Айтыс – ақынның талантын шыңдайтын үлкен өнер жарысы. Өткен ғасырда Жанақ, Сабырбай, Шөже, Сүйінбай сияқты ғажайып айтыс ақындары болған. Бұл үлкен дәстүрді қазір Әсия, Әселхан, Қонысбай, Баянғали, Әлфия, Абаш, Мұхамеджан сияқты айтыс ақындары жалғастырып келе жатыр.


АЙЫП

Айып (заң жолы, салт). «Айыбына атын алып қалып жаяу қайтарыңдар!» (Ғ.Мүсірепов). Барымта, қылмыс, ұрлық, дәстүрді бұзғаны т.б. жағымсыз іс-әрекеті үшін қылмыскерлерге берілетін жаза – айып. Мысалы: көп алдында орынсыз дау-жанжал шығарған адамдарға айып салынады. Жазаланушы адам оны сол сәтте орындауға тиіс. Айыптың түрлері көп. Жеңіл кінәлары үшін тон немесе ат төленеді. Ауыр қылмыстар жасағандар тоғыз төлейді. Бұл түйе бастаған тоғыз мал немесе ат бастаған тоғыз мал немесе өгіз бастаған тоғыз мал деген сөз (Түйе бастаған тоғыз: 3 бас түйе, 3 бас жылқы, 3 бас сиырдан тұрады. Ат бастаған тоғыз 3 жылқы, 3 сиыр, 3 қой, т.с. Қылмыс (ұрлық) өте ауыр болса, бұл айып үш еселенуі мүмкін. Әрине, бұдан басқа да түрлері бар. Айыптың әлеуметтік, тәрбиелік, хұқықтық маңызы зор.

АҚ АЛЫП ШЫҒУ

Ақ алып шығу (салт, ырым). Қазақ халқы сүтті, қымызды, шұбатты, айранды тағы басқа сүт тағамдарын «ақ» деп атайды да оны қасиетті, киелі зат санатына жатқызады. Сол сияқты ақ түсі де киелі, адалдық ұғымды білдіреді. Халық дәстүрінде ауылға келген көш алдынан шығу – адамгершілік, мұсылмандық, болашақ көршілік парыз. Ақ алып шығу «осы ақтай таза, дәмді болайық» деген тілекті білдіреді. Мұндай жағдайда жаңа көшіп келгендер ризалық, білдіріп алғыс айтады. Бір тоқтысын сойып көршілерін қонаққа шақырады. Ал бұрынғы көршілер бұдан бұрын «ерулікке» шақырып үлгіреді.
Көші көшіп келіп жатқанда оның алдынан шықпау, ерулік бермеу қазақы салтты бұзғандық, көргенсіздік болады. Мұндай ұят, ерсі істі жұрт айта жүреді.

БЕТАШАР

Беташар(дәстүр). «Уә әлеумет! Енді беташар тыңдайық!». Жаңа түскен келінді «беташар» дәстүрі жасалмай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі «беташар» жасалады. Оған тойға жиналған туыс туғандар тегіс қатынасады. Жас келіннің екі жағында екі көргенді келіндері тұрады. Мұнда «Беташар» жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, оның басқа туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Сәлем жасаған адамдар «көрімдік» береді. Бет ашатын жігіт ән жырды желдірте, көңілді көтере жыр төгуі керек.
Келін келді көріңіз,
Көрімдігін беріңіз.
Анау мынау демеңіз,
Түсін айтып қойыңыз,

деп бастаған әнші жігіт жас келіннің аталған жақындарына лайық әзіл қалжыңдарын араластыра «көрімдік» сұрап, жұртты көңілді күлкіге қарқ қылады. «Беташар» тойдың басы әрі сәні, жас келіннің жаңа өмірге бет алғанын білдіретін қызықты, салтанатты, ажарлы дәстүрлердің бірі. Осы заманғы үлгісі деп Қазақстан Республикасының халық ақыны Қонысбай Әбілевтің Торғай жерінде Жасұлан мен Ұлбосынның үйлену тойындағы беташарын беріп отырмыз.Құлағың сал көпшілік,
Домбыраны қолға алып.
Тереңінен жүректің,
Тебірене толғанып.
Беташарға қам жасап,
Әсем жырды толғалық,
Қадам басты екі жас
Ақ тілекті жолға анық.
Атасы мен анасы,
Айналады толғанып.
Той тамаша басталды:
Куә соған бол, халық!
Шын көңілден қуанып,
Шаттанға не жетсін,
Ақ көңілден лебізді,
Ақтарғанға не жетсін.
Сыйластығын көңілдің,
Сақтағанға не жетсін.
Той біткен соң риза боп,
Аттанғанға не жетсін.
Келін ойдан шықты деп,
Мақтанғанға не жетсін!
Көпшіліктің үміті,
Ақталғанға не жетсін!
Басқа орманның бағында,
Пістім деме келінжан.
Қай ортаға топ етіп,
Түстім деме келінжан.
Айдынынан айрылған,
Құспын деме, келінжан.
Қай өзеннен енді су,
Іштім деме, келінжан.
Не боларын кім білген,
Істің деме, келінжан.
Ахаң мен Жахаңның,
Елі болған, бұл Торғай.
Әбдіғаппар, Әлидей,
Ері болған – бұл Торғай.
Амангелді, Кейкінің,
Жері болған – бұл Торғай.
Ән мен жырдың қашанда,
Кені болған – бұл Торғай,
Талай-талай тарихқа,
Желі болған – бұл Торғай.
Таңатқан палуан Нұрханның
Төрі болған – бұл Торғай!
Қадіріне елінің
Жете алғайсың, келінжан.
Жаңалыққа бірден-ақ,
Бет алғайсың, келінжан.
Талай сыннан сүрінбей,
Өте алғайсың,келінжан.
Қызуы мол ошақтан
От алғайсың, келінжан.
Жүрегіңнің жылуын,
Қопарғайсың, келінжан.
Ел-жұртыңды ырза ғып,
Бата алғайсың, келінжан.
Жас отаудың бүгінгі,
Тірегі сенде, келінжан.
Атаң менен енеңнің,
Жүрегі сенде, келінжан.
Жиналған мына халқыңның.
Тілегі сенде, келінжан.
Ертеңгі тарар ұрпақтың,
Легі сенде, келінжан.
Артымда әкем қалды деп,
Күйзеліп іштей налыма.
Қинала көрме, келінжан,
Үйіме барып келем деп,
Әкемнің жүзін көрем деп,
Жинала көрме, келінжан.
Қанша жыл білім жинаған
Жазушы, ақын, әрі ұстаз
Таланты бойға сыймаған,
Сегіз қырлы, бір сырлы,
Ортасында сйлы адам,
Алысқа кеткен атағы
Дуалы аузы баталы
Азамат қылып өсірген
Алты бірдей ботаны.
Бар байлығы – баласы,
Дүние артық жимаған.
Сол үшін де халқы оны,
Көтеріп көкке сыйлаған.
Қайын атаң да, әрі әкең
Секеңе жаса бір сәлем.
Артымда анам қалды деп,
Жанарын жасқа малды деп,
Қинала көрме, келінжан,
Үйіме барып келем деп.
Анамды күнде көрем деп,
Жинала көрме, келінжан.
Анаңдай етіп сыйласаң,
Қызына сені тең деген,
Сөздерің шықса бір жерден,
Қиындық қалмас жеңбеген.
Келінді болдың дегенде,
Өз құлағына өзі сенбеген.
Көңілге кірбің түскенде
Ақ пейілмен емдеген,
Қисық тісті түзетіп
Ақылымен жөндеген,
Мінезі жібек, жайдары
Самалды күндей майдағы.
Сабырменен салмақты,
Бітірген ісін ойдағы
Тұрсын сынды енеңе,
Келінжан, жаса бір сәлем!
Қызмет етіп халқына,
Мойнында парыз өтелген.
Керек кезде тайсалмай,
Нардың да жүгін көтерген
Аталы сөз айтуға,
Топқа бір түсіп төселген.
Соңдарынан сеніммен,
Елінің бүкіл көші өрген,
Осында бүгін отырған
Азаматтарға бір сәлем.
Шеттерінен ақ көңіл,
Жүздері гүлдей жайнаған.
Құлақта жалғыз сырғасын,
Көрімдік етіп сыйлаған,
Мінезі қандай биязы,
Көркіне көзі тоймаған,
Жанында тұрған ағайдың
Аяғын басып ойнаған,
Жеңгейлерге бір сәлем!
Жарғақ шалбар борбайда,
Мойынға гитар асынған,
Сұлу көрсе сұқтанып,
Күшіне қуат қосылған.
Жалбырап ұзын шаштары,
Кездесе қалса тосыннан
Сондай бір кезде түрінен,
Көрген бір адам шошынған.
Қайын інілерге бір сәлем!
Ұйқысы қанбай оянбай,
Жұмысқа ерте бармаған.
Той болса бұрын жиналып,
Кешігіп одан қалмаған.
Секіріп-қарғып билесе,
Тұрған жері шаңдаған.
Қолдары босай қалғанда
Өзіне серік таңдаған,
Қайын сіңлілерге бір сәлем!
Қуанышты бөлісіп,
Шаттықтан жайнап түлеген,
Ақ көңілден қашанда
Сендерге бақыт тілеген,
Жақсы болсаңдар қуанып,
Төбесін көкке тіреген,
Жапырағы жайқалған
Тамыры терең бір емен
Көпшілікке бір сәлем!
Манадан бері өзіңе,
Ақылын айтып қақсаған.
Ақталып елдің үміті,
Болсын деп келін жақсы адам.
Не керек, нөсер жырларым
Шашу ғып бүгін шашпаған.
Өзіңнен басқа, келінжан,
Ешкімнің бетін ашпаған,
Маған да жаса бір сәлем!

ҚЫЗ КӨШІ

Қыз көші (салт). Құда аттандырар кәдесі жасалғаннан кейін ұзатылған қыз шешесі, жеңгесі, жас іні, сіңлілермен бірге көлікке отырып жолға шығады. Қыз артта қалғандарға қарамауы керек. Құдалар алға түседі. Одан кейін шаңырақ түйе (қыз көші) жүреді. Тойшы жігіттер көш соңынан әсем киініп ән-күймен ереді. Былайша айтқанда көште ерекше салтанатты жарасымдылық болады. Қыз ауылынан бір көш жер шыққанша мұны «қыз көші» деп атайды. Одан әрі асқаннан кейін «келіншек көші» дейді. Келіншек көшінің келе жатқанын білетін жолдағы ауыл қыз-келіншектері, жастары «келіншек көшін» тоқтатып «түйемұрындық» алып, батасын беріп, «жол болсын» айтып шығарып салады.

ЖАРЫСҚАЗАН

Жарысқазан (ырым). Әйелдер босанар сәтте басқа әйелдер қазанға жеңіл желпі тамақ істеп оны босанатын әйелден бұрын пісірмек болып «жарысады». Халық ұғымы бойынша туатын бала «жарысқазанға» қатысып, одан бұрын өмірге келуге тырысады деп түсінген.

ЖАР-ЖАР

Жар жар (ғұрып). Ұзатылған қыз тойында қыз жігіттер тобы кететін қыздың көңілін аулап, баратын жағында да осындай жақсы жайлар болатынын өлеңмен айтысады. Сонымен бірге олар қыздың бақытты, елге сыйлы болуына тілектестік білдіреді. Мұның бәрі өлеңмен айтылатындқтан «Жар жар» қызықты болып естіледі. Мысалы: «Жар жарды» жігіт былай бастайды:
Алып келген базардан,
Қара насыр, жар жар ау
Қара мақпал сәукеле,
Шашың басар, жар жар ау!
Мұнда әкем қалды деп,
Қам жемеңіз, жар жар ау
Жақсы болса қайны атаң,
Орнын басар, жар жар ау!
Қыз былай деп жауап қайтарады:
Есік алды қара су,
Майдан болсын, жар жар ау.
Ақ жүзімді көргендей,
Айнам болсын жар жар ау.
Қайын атасы бар дейді ау,
Осы қазақ, жар жар ау
Айналайын әкемдей,
Қайдан болсын, жар жар ау!

КЕЛІН ТҮСІРУ

Келін түсіру (салт). Біздің халқымыз үшін де дүниедегі қызық пен қуаныштың ең бастысы осы келін түсіру. Бұған бүкіл ауыл болып атсалысады, бірге қуанады, бірге тойлайды, намысы бір қазақта «тойдың болғанынан боладысы қызық» деген бар. Ал келін түсірудің өзі де, «боладысы» да қызық.
Қазақ салты бойынша келінді ауылға көлікпен әкелмейді. Бір қырдың астына жеңгесімен бірге түсіріп кетеді. Ауылдың қыз келіншектері жас келіннің алдынан шығып, ешкімге көрсетпей шымылдық ішіне кіргізіп әкеледі. Ақ босағаны оң аяқпен аттайды. Шашу шашылады. Құтты болсын айтылады. Келінді шешесі, жеңгесі, сіңлілері ертіп әкеледі. Қуаныш, ырду, дырду, ойын сауық басталады. Шымылдық жиналған сәтте салтанатпен «Беташар» басталады.

ЖАСАУ

Жасау(салт). «Көрсін деп жиылған жұрт тамашасын, жасауын таудай қылып үйгізді енді»! (Наурызбай Қаншайым). Ұзатылған қызға берілетін дүние мүлік «жасау» деп аталады. Халық қыздың жасауына аса зор көңіл бөліп, «жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді!» деген. Небір жақсы бұйым, сәукеле, кілем, текемет, ыдыс аяқ, төсек орын, киім кешек, әсем әшекейлі тағымдар қыздарға берілетін болған. Ауқатты адамдар ақ отау тігіп ұзатқан. Жасауды қыздың еншісі десе де болады.

ЖІГІТ ТҮЙЕ

«Жігіт түйе» (дәстүр). Құдалық, отау көтеру дәстүрінде қыз өсірген ата ана еңбегі де елеусіз қалмаған. Той үстінде күйеу жігіт енесіне «сүт ақы» сыйын ұсынса, атасына «жігіт түйе» деген сый әкеледі. Бұған міндетті түрде түйе («жігіт түйе» деген сөз осыдан шыққан), жағалы киім немесе қымбат бұйымдар, ер тұрман әкеледі. Атасы риза болған жағдайда қол жайып, батасын береді.

СҮТ АҚЫ

Қыз ұзату тойы мерзімін қалыңдық ауылы құдаларымен келісе отырып белгілейді. Бұл тойға күйеу бас құда бастаған құдалар тобымен және өнерлі күйеу жолдастарымен келеді. Мұнда құдалық кәделері өте көп. Соның ішіндегі жолы бөлек, қымбат кәделердің үлкені «сүт ақы» деп аталады.
Бұл қыздың анасына тартылатын сыйлық. Бұған анасы бата береді.

ӨЛІ ТІРІ

"Өлі тірі” (дәтүр). Екі жақ келісімі нығайған соң күйеу жағынан құдаларына бір білікті адамды бас етіп «өлі тірі» яғни кәделі мал жылқы жіберіледі. «Өлі тірі» деген өлі мен тірі арасында адалмыз, құдай қосқан құдалығымыз ақиқат» деген ұлттық ұлағатты ұғымды білдіреді. Бұл үлкен кәделі әрі маңызы жол жоралғы, құдалық бекіді деген сөз. «Өлі тірі өткен соң өлген күеу жатпайды» деп бұдан кейін күйеу қалыңдығына «ұрын» баруына жол ашылады.

ЖОЛДЫҚ

Жолдық (дәстүр). «Қайным, жолдығымды ұмытпа, толымды болсын, деді жеңгесі Қаным күле сөйлеп» (ел аузынан). Алғашқы неке түні жігіт пен жас келінді жеке бөлмеге кіргізіп өздеріне төсек салып алаңсыз, жайлы жатуына жағдай жасайтын әйел әдетте жігіттің жеңгесі болады. Ол жастарға бақыт тілеумен бірге, әзіл қалжыңын араластыра жүріп, алғашқы төсек ләззатының жөн жосығын, әдет ғұрпын түсіндіреді. Ертеңіне келіннің пәктігіне де осы жеңге куәлік береді. Мұндай сәт әдепті, үлгілі, үлкен кіші бірдей сыйлайтын, бала шағалы келіндерге ғана тапсырылады. Бұл күн жұптық, некелік өмірдің ұмытылмас сәттерінің бірі. Сондықтан бұл түнді көңілді әрі жайлы өткізудің орны мүлде бөлек. Бұл күтіп, қайнысының жылы төсектен тұрған сәтін күтіп тұрып, « ерініңді жібіттім, қойыныңды жылыттым, енді жолдығымды бер» деп назданады. Жөн білетін қайнысы жеңгесі риза болатындай «жолдығын» беріп, ерлі зайыптының алғашқы таңын күліп қарсы алады.
«Жолдықтың» жолы бөлек. Сондықтан оған аталатын кәде де толымды әрі бағалы болады.

СӘУКЕЛЕ КИГІЗУ

Сәукеле кигізу (салт). «Қара мақпал сәукеле, шашың басар жар жар ау» (жар жар). Өмірде қазақ салт дәстүрлерінің түрлері көп. Соның ішінде қалыңдыққа сәукеле кигізудің орны бір бөлек. Себебі сәукеле әйел киімдерінің ішіндегі ең асылы ғана емес, оның жұбайлық өміріндегі елеулі кезінің естен кетпес ыстық сәті. Ол бұлғақтап өскен оң жақтағы және ақ босаға аттар арасындағы

ОТАУ КӨТЕРУ

Отау көтеру (салт). «Көтерілген отауың құтты болып, ұзақ жасап ішінде сүйсін жарың» (Қыз Жібек). Ұлтымыздың мәдениетінде «отау көтердің» деген сөз бар. Ол «үйлендің, жұпты болдың» деген мағынаны білдіреді. Демек, үйленумен бірге отау көтеруге тиіс. Әдетте ұлы үйленетін, қызы тұрмысқа шығатын ата ана алдымен отау дайындайды. Қыз жасауына отау қосыла берілетін. Отау жас отбасының бақыт шаңырағы болып саналатындықтан оны барынша әсемдеп, әдемілеп, толық жабдықтап әзірлеу аз шаруа емес. Оған көрші көлем, жақын туыс, нағашы жиендер тегіс араласады. Кесе аяқтан бастап үй киізіне дейін әкеледі. Сөйтіп бүкіл ауыл болып отау көтеру әрі қызық, әрі міндетті іс. Отау алғаш тігілгенде оны құрметті әрі елге сыйлы аналар бастайды. Шаңырақты да бақанға ақ мата байлап, ел ағалары көтереді. Отқа май құйылады, «босаға майлау» жасалады. Алғашқы дастархан жайылып, оған мол тағам жасалады. Кіргендер шашу шашып, «құтты болсын», «іші жанға,сырты малға толсын» деген тілекпен қуанышын білдіреді. Жақын туыстар отауға көрімдік әкеліп, мал атайды, бағалы мүліктер сыйлайды.
Жас отау әке үйінің оң жағына тігіледі. Бұл үйге жасы үлкендер шақырусыз кірмейді. Ал жастар мен балалар қызықтап, осы отауды төңіректейді. Ауылдастар мен жанашырлар жас отау түтінінің түзу шығуын, жаңа үйленгендердің тұрмыс тіршілігін сырттай бақылап, келінге баға беріп отырады. Жас келін ерте тұрып өз үйінің ғана емес, жанындағы іргелес үйлердің де түндігін ашуы оның әдептілігі мен мәдениеттілігін білдіреді.

АТБАЙЛАР

Атбайлар (салт). Мұның да екі түрі бар.
Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын туытсра оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты «атбайлар».
«Атбайлардың» екінші түрі кәде. Құда құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеден тағы бір әйел тәбәрік сұрайды.

АУШАДИЯР

Аушадияр (дәстүр). Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Және жәй өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Көркем шығармашылықпен айтылатын той көркі, салтанат сән, өнегелі өнер. Мұны іздеп тауып, өмірге әкелген көп жасағыр жазушы Уахап Қыдырханов екен. Аушадияр жырының үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Шынын айту керек бұл қазіргі Қазақстан елінде айтылмайды, халық жадынан мүлде шығып кетіп ұмыт қалған.
Аушадияр үйлену тойы үстінде айтылады.
Аушадияр бір болар,
Жаманның көңілі кір болар.
Ата анасын сыйлаған,
Ақ шалмалы би болар.
Аушадияр екі дер,
Ержеткеннің еркі дер,
Омырауы толған он түйме,
Қыз баланың көркі дер…
Аушадияр төрт болар,
Қыздың қойны өрт болар.
Екі жақсы қосылса,
Өле өлгенше серт болар.Жыр жаңа қосылған жастарға арналады. Мұнда ақыл, үлгі, өнеге, тәлім тәрбие туралы толғауды санамалап айтудың халықтық таза бай дәстүрі бар. Ұлтымыздың ұлағатты әдет салтының бұл түрін өмірге енгізетін болсақ мәдени қазынамыз да, өнеріміз де өсе түсер еді.

ЕСІК АШАР

Есік ашар (дәстүр). Күйеу жігіт келіншегін алып, үйлену тойы өткен соң келісілген уақытта өзі қатарлас жас жігіттермен ата енесінің үйіне келеді. Мұны халық әдебиетінде күйеудің алғаш яғни есік аша келуі дейді. Демек бұл жауапкершілігі мол, бұрын ел жұрт көрмеген күйеуді сынайтын келіс. Күйеу бұл жолы да кәде жорасымен, әдет салтымен келеді. Әзілқой жеңгелердің сын мініне де шыдайды. Ретін тауып жауап та бере алады.
Ойын тойсыз, әзіл қалжыңсыз отырмайтын қазақ ауылы үшін күйеудің есік аша келуі де көңілді мерекеден кем болмайды. Мұнда да үлкен кіші бір жасап қалады.

ӨҢІР САЛУ

Өңір салу (дәстүр). Отқа шақырумен (кей жерлерде «үй көрсету» немесе «есік ашар» дейді) бірге болып жататын ендігі бір кәде өңір салу. Мұнда ылғи бәбішелер келеді. Ниеттері келінге шашу шашып, құтты болсын айту. Шашудың сыртында өңір әкеледі. Өңір киім, бұйым деп ең құрығанда терме бау немесе жас төсекті басқалар басынбасын деп бүркіт тұяғы, үкі сықылдылар іледі. Бұлардың бәрі отау үйге қажетті, өңін ашатын нәрселер.
Келін түскен үй бұлардың күтеді. Келіннің қоржынындағы аспен бірге келген бұлдардан (мата деген сөз) алады. Бұл да өңір (Ахмет Жүнісұлы).
Өңір салу жас шаңыраққа көрсетілген құрмет және жәрдем десе де болады. Мұны соңғы кездерде үлкен адамдардың өзі естен шығарып бара жатқаны өкінішті ақ.

ШАҢЫРАҚ КӨТЕРУ

Шаңырақ көтеру (салт). Жас отаудың алғаш рет шаңырағын көтерудің өзі қазақ үшін тағы бір қызықты, ерекше сәт. Мұны қазақ салт дәстүрін жетік білетін белгілі этнограф жазушы Ахмет Жүнісұлы былай деп жазған: «…. қазақта отаудың шаңырағын албаты адам көтермейді. Бұған баласы көп, кәрі күйеу керек. Оны қос атпен болса да алғызады. Ыңғайлы жер болып, отау өте үлкен болса кәрі күйеу шаңырақты аттың үстінде тұрып көтереді. Бұл еңбегіне ол не ат мінеді, не түйе жетектейді. Бұған малды отауды көтерткен жақ береді. (А.Жүнісов «фәниден бақиға дейін»). Әдетте киіз үйдің шаңырағын ер адамдар көтереді. Ал, жас отаудың шаңырағын кәрі күйеуге көтертуде үлкен мән, ырым бар. Өйткені «жасы үлкен күйеу» қашанда елге сыйлы және тілектес адам. Және күйеу қартайған сайын жұртына қадыры, сыйы арта түседі. Қазақ елі осы жолдан әлі айрылған жоқ. Кәрі күйеу келсе, ауылдың үлкен кішісі, еркек әйелі онымен бір қағыспай, қажаспай қалмайды. Оның шаңырақ көтеруінде де осындай терең сыйластық бар.

ШАҢЫРАҚ ТҮЙЕ

«Шаңырақ түйе» (дәстүр). Ұзатылып келе жатқан қыздың және оның жанындағы әйелдердің (шешесі, жеңгесі, сіңлісі, т.б.) мініп келе жатқан көлігі «шаңырқа түйе» деп аталады. Және ол келін үшін ыстық қасиетті мал болып саналады. Бұған жолшыбай кездескен немесе бөтен адам мінбейді. Егер міне қалса оны көрген жұрт « пәленше келіннің шаңырақ түйесіне» мініп келді деп келемеждеген. Ертедегі салт бойынша көште үлкен шаңырақ жеке түйеге артылып, алдымен жүреді екен. Оған адам мінбейді, атпен жетелейді, «шаңырақ түйе» деген сөз осыдан шыққан.

ИТАЯҒЫН САЛУ

Итаяғына салу (дәстүр, ырым). Жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, не есік көруге шақырғанда әйелдер не үлкен әжелер оған «итаяғына» сал деп сақина,күміс, жүзік сияқты заттар береді. «Итаяғына салу» деген келіншек босанып баланы шаранасынан жуатын суға яғни «шілде суына» әлгіндей күміс жүзік, сақина, күміс түйме сияқты заттарды ыдысқа салып жіберіп, нәрестені жуады. Жуып болғаннан кейін әлгі заттарды сол жердегі әйелдер ырым қылып бөлісіп алып, мәз мейрам болып тарасады.

ҚАПҚА САЛАР

Қалыңдығын алуға келген күйеу барлық жол жоралғыларымен яғни құдалық кәделерімен, үлкендерге арналған сый сияпатымен, той малымен келеді. Той басталды. Қыз өз үйінен аттанар алдында оның әкесі барлық құдаларға киіт кигізеді. Күйеу баласына да сыйлық береді. Бірақ ол киіт емес «қапқа салар» деп аталады. Ол бағалы киім, қымбат ер тоқым, жігіт жарақтары немесе мал болуы мүмкін. Әрине, бұл қайын атаның дәулеті мен мырзалығына, абырой беделіне сай жасалатын жолды дәстүр.

АУ ЖАР

Ау жар (салт, айтыс). Ұзатылып бара жатқан қыздың «сыңсуы», «қоштасуы» ұлттық тәрбие мектебінің тамаша үлгісі. Алтын ұяны, туған ел жұрттан бөліну, жат босаға аттау оңай іс емес. Осының бәрін тәжірибелі де тәрбиелі халық жылай жүріп ән, жыр түрінде шеберлікпен үйлестіріп жасай білген. Тағы бір қызығы қыз жылап қоштасқанмен ол қайғы емес қуаныш, қимастық сәтінің де белгісі. Дегенмен қыз ауылының қыздары мен жігіттерінің де қимастық көңілдері де көрінбей қалмайды. Олар «жар жардан» кейін де өлең жырды үстемелей жүріп айтыс түріндегі «ау жарды» тағы бастай жөнеледі. Мұнда да ізгі тілектестік, достық көңіл, жаңа бақыт жолында жақсы ниет көрінеді. Оның сөзі де, әні де көркем, ойнақы айтылады. Ол біресе «ау жар», біресе «ай ау», біресе, «бике ау», біресе «үкі ау» деп те айтыла береді. Олардың мынадай үлгілері бар:Буынғаным беліме кісен бе еді, ау жар ау,
Бекем бусам белімнен түсер ме еді, ау жар ау,
Әкең барып шешеңді ап келмесе, ау жар ау,
Мұндай азап басыңа түсер ме еді, ау жар ау!
Мінген де атың боз ғана, бике ау,
Күйеуің сенің боз бала, бике ау.
Өксігің сенің басылмас, бике ау,
Әлдилеп бала сүйгенше, бике ау.Мінген де атым жиренше, үкі ау,
Тықыршып тұрар мінгенше, үкі ау,
Қыз көңілі басылмас, үкі ау,
Әлдилеп бөпе сүйгенше, үкі ау!Кеттің, кеттің деуші едің, кеттім, апа ай ау,
Ерттеп қойған атыңа жеттім, апа ай ау,
Шымылдығын желпе сал, көрсін апам, ай ау,
Көзінің жасын қойнына, төксін апам, ай ау!Бұл жырдың бәрінде де әдеп, өнеге, тәлім тәрбие, халықтық салт сана мектебінің тамаша үлгісі жатыр.

СЫҢСУ

Сыңсу (салт). «Халқымызда тұрмыс салт жырларының ең көп тарағандарының бірі сыңсу». Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанр алдында ағайын туғандарын аралайды. Былайша айтқанда қоштасады (Бірақ бұл дәстүрлі қоштасу емес). Жеңгесін ертіп ағайындарын аралап жүрген қыз жәй жүрмейді. Ол өзінің балалық дәуренінің, оң жақта бұлғақтап өскен бақытты күндерінің өткендігін, аяулы ата анасының, туысқандарының өзін мәпелеп өсірудегі еңбегін өлеңмен айта жүріп өксиді. Ондай өлең жырды сыңсу дейді.Базардан келген құйысқан
Тарамай шашым ұйысқан.
Келіп кетіп жүріңдер,
Сағындырмай туысқан
деп өзінің өтінішін де айта жүреді.
Қыздың сыңсуы жарасымды әрі тәрбиелік мәні бар салтанатты салт. Бұл адамгершілік, әдептілік жағынан алғанда да өте орынды дәстүр. Өйткені балалық күндерден ағайын ортасынан бөлініп кету оңай іс емес. Ал қазақтың қазіргі қыздары бұл дәстүрдің алтын арқауын үзді десе де болады. Өйткені ауыл, үй аралап сыңсу, жылау түгілі, оң жақтан аттанарда күліп, қуанып жүргендерін де көз көрді. Бұл ұлттық тәрбие мен ұлттық мәдениеттің ұмытылғандығынан деп танимыз

ТОЙ МАЛЫ

Той малы (дәстүр). «Жүз жылқы той малына кетіпті» (М.Ж.Көпеев). Келін алуға келген қадірлі құдалар ел дәстүр салты бойынша сән салтанатымен, жөн жосығымен келіп түседі. Бұл жолдың кәде жоралары да көп болады. Соның ішінде ең басты кәдесінің бірі осы топқа арнайы әкелген « той малы» деп аталатын жолды дәстүр. Бұған әр құда өз дәулеті мен шамасына қарай жылқы немесе бірнеше қой әкеледі. Күйеудің абырой, беделі осы кәдеге де байланысты болады. Бұған қымбат мата, бұйым, жеміс, қант, шәй да қосылады. Әкелген мал арқылы құдалар қыз әкесінен, атасынан немесе сол ауылдағы жолы үлкен ақсақалдан бата тілейді. Батадан кейін әлгі мал сойылып, тойға жиналғандар одан ауыз тиеді. Той малы толымсыз болса қыз жеңгелері құдалардың бетіне басады. Сондықтан да «той малының» мүшесі түгел әрі семіз болуы қатты қадағаланады.

ҚЫЗ ҰЗАТУ

«Қыз ұзату» (салт, той). «Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру» ата ананың тілегі әрі парызы. Соның ішінде қыз ұзату үлкен той, думан әрі қызық. Бұл күні ата ана қуанады, әрі жылайды. Қуанатыны қыз өсірді және оны құтты жеріне қондыруы, жылайтыны әрине қимастық көңілі.
Қызды алуға құда (тақ санмен) бес не жеті кейде одан да көп адам келеді. Мұның ішінде бас құда, құдалар және күйеу жолдас болады. Солтүстік және Орталық Қазақстанда тек ер адамдар барады. Құдалар әдетте кешкілік баруы керек. Мұнда ойын сауық, құдалық рәсімдер мен кәде жоралар жасалады. Жақын адамдар құданы үйіне шақырады.
Ұзатылатын қызды дәстүр бойынша таң ата, күн шыға жөнелтеді. Оның алдында қыз «Қоштасу жырын», жастар «Жар жар», «Ау жар», «Аушадияр» айтылады.

ҚОШТАСУ

Қоштасу (салт). Ұзатылатын қыз өз үйінен аттанар алдында өзінің ата анасымен, аға інісімен, сіңлісі, жақын жуықтарымен қоштасу жырын айтады.әуеден ұшқан бұлдырық,
Құбыладан соққан ызғырық.
Жатқа кетіп барамын
Жаратқан соң қыз қылып,
Атасы жақсы құл болмас,
Анасы жақсы күң болмас.
Оң жақтан кетіп барамын.
Қыз еркелеп ұл болмас,
деп өзінің жат жұрттық болып жаратылғанын жырға қосады. Ең соңында:
Жанымдағы қыным ау,
Сіңлілер мен інім ау.
Жыл айналып келгенше,
Қош аман бол күнім ау,
деп бауырларымен қоштасады. Мұнда «жыл айналып келгенше» деген сөздің мағынасы бар. Өйткені дәстүр бойынша ұзатылған қыз жыл толмай өз үйіне бара алмайды.
Қоштасу қазақ халқының бауырмалдық, әншілік, айтқыштық қабілетін көрсететін тұрмыс салт жырларының ішінде көркем де көрнекті дәстүр. Қоштасу жыры соңынан қыздың жеңгелері мен серіктері:
Жылама, бикем, жылама,
Көзіңнің жасын бұлама.
Ұл болып тусаң әуелден,
Сені мұндай қыла ма?
деп оған жұбату айтып, келешегіне жақсы тілек білдіреді.
Салт жырларының тәрбиелік маңызы зор. Мұнда ұлттық дәстүр, халықтық қағида, ағайын туыстық қимас сезім, алдағы арман бәрі бәрі де бар. Қоштасу, жұбату жыры сонысымен құнды.

ҮЙ КӨРСЕТУ

Үй көрсету (дәстүр). Жаңа түскен келінді туыс туған, көрші көлем, ілік жекжаттар «үй көрсетуге» (шығыс жақ «отқа шақыру» дейді» яғни есік ашарға шақырады. Мұның мағынасы келін отбасымен танысып, үйге келіп жүрсін деген сөз. Бұл үйге келін құр қол бармайды, кәде жорасымен барады. Мұны « ілу» дейді. Бұл мәселені шақырған үйдің дәрежесіне (үлкен, кіші деген мағынада) келіннің енесі шешуі керек. Мұнымен бірге келінді шақырған үйлер келіннің мінез құлқын, жүріс тұрысын яғни әдеп, тәртібін байқап сынап отыратыны да бар. Мұны болашақ келіндер ескере жүруі керек. Өйткені аталған дәстүр әлі жалғасып келе жатыр


ШЕГЕ ШАПАН

Шеге шапан (дәстүр, кәде). Құда болуға баталасқан екі жақ келіскеннен кейін бір біріне сый сияпат ұсынады. Жігіт жағы «қарғыбау» ұсынғаннан кейін қыз әкесі жаушыға «шеге шапан» жабады. Бұл уәде пісті деген сөз. «Жаушы» жіберген жақ жігіт ауылы келе жатқан өз «жаушыларының үстіндегі жаңа яғни «шеге шапанын» көріп, оларды шашу шашып қарсы алады.


КИІМ ТІГУ

Киім тігу салты бойынша барған құда құдағилар түні бойы ұйықтамаулары керек. «Жақсы тамақ қалғанша, жаман қарын жарылсын» деп, құдалардың бергенін жей беру керек. Ұйықтауға болмайды. Егер ұйықтап кетсе, киімін құдалардың бірі тігіп тастап, айып төлеттіреді. Сол үшін ішіп жеуге де, ұйқыға да, өлең айтысуға да шыдау керек. (А.Жүнісұлы)

КИІТ

Киіт (дәстүр). «құдалық белгісі киіт, қоныс белгісі бейіт» (мақал). Құдалықтың негізгі белгісі киіт және олардың арасында жүретін, соған лайықталған сый сияпат, мал, киім, мүлік. Ол құдалар дәрежесіне, дәулетіне байланысты әртүрлі болып келеді. Мысалы, бұрын құндыз жағалы тон, қасқыр ішік, кілем тағы басқа қымбат бұйымдар, киімдер мен заттар, жүздеген мал (жылқы, түйе, қой) берілген. Жоғарыда айтылған

ҚЫЗ ТАНЫСУ

Қыз танысу (дәстүр). «Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл, қыз таныстыр қызыққа жұрт ыржыңшыл» (Абай). Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанар бұрын жеңгесін ертіп туған туыстарын аралап көрінеді. Мұны дәстүр бойынша «қыз танысу» дейді. Қыздың барған үйі оған құрмет көрсетіп, жақсы тілектер тілеп, бағалы киім, дүние мүлік, жақсы тағымдар беріп аттандырады. Бұл бұрын халық арасында өте жарасты дәстүр болып қалыптасқан.

ЖАСАУ

Жасау (салт). «Көрсін деп жиылған жұрт тамашасын, жасауын таудай қылып үйгізді енді»! (Наурызбай Қаншайым). Ұзатылған қызға берілетін дүние мүлік «жасау» деп аталады. Халық қыздың жасауына аса зор көңіл бөліп, «жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді!» деген. Небір жақсы бұйым, сәукеле, кілем, текемет, ыдыс аяқ, төсек орын, киім кешек, әсем әшекейлі тағымдар қыздарға берілетін болған. Ауқатты адамдар ақ отау тігіп ұзатқан. Жасауды қыздың еншісі десе де болады.

КЕЛІН ТҮСІРУ

Келін түсіру (салт). Біздің халқымыз үшін де дүниедегі қызық пен қуаныштың ең бастысы осы келін түсіру. Бұған бүкіл ауыл болып атсалысады, бірге қуанады, бірге тойлайды, намысы бір қазақта «тойдың болғанынан боладысы қызық» деген бар. Ал келін түсірудің өзі де, «боладысы» да қызық.
Қазақ салты бойынша келінді ауылға көлікпен әкелмейді. Бір қырдың астына жеңгесімен бірге түсіріп кетеді. Ауылдың қыз келіншектері жас келіннің алдынан шығып, ешкімге көрсетпей шымылдық ішіне кіргізіп әкеледі. Ақ босағаны оң аяқпен аттайды. Шашу шашылады. Құтты болсын айтылады. Келінді шешесі, жеңгесі, сіңлілері ертіп әкеледі. Қуаныш, ырду, дырду, ойын сауық басталады. Шымылдық жиналған сәтте салтанатпен «Беташар» басталады.

ІЛУ

Ілу (салт дәстр). Жаңа түскен келінді барған жерінде « үй көрсету» салтын жасау ілік пен жақынның, әр ағайынның міндеті. Мұндайда жас келін шақырған үйге дәстүр бойынша «лу» салады. Мұның мағынасы көйлектік мата, кілемше, киім кешек, тағымдар апару деген сөз. Бұған қайын ене басшылық жасайды. Келін үйге сәлем жасап кіргеннен кейін «луге» апарған затын босағаға іліп кетеді. Ілу деген сөздің төркіні міне, осындайдан шыққан дейі білетін қриялар. Ілуді қайын жұртына барғанда күйеу де салады.

ДӘМЕТКЕН

«Дәметкен сары майдан кеудең құрсын» (халық өлеңі). Дәметудің әр түрі бар Ал ырымда жас келіншектердің дәметуінің жөні бөлек. Жас балалар мен келіндер ата енелері қонақтан келсе, олардан тәтті дәмететтін әдеті бар. Әсіресе, балалы жас келіндер дәметсе оның меселін қайтаруға болмайды. Өйткені, дәметіп отырып ойындағысы болмаса оның емшегі ісіп кетеді. Бұл өмір шындығы. Ал үлкен кісілер, аналар, әжелер жас келіншегі бар үйге дәметіп қалар деп қашанда қалтасына дәм тұзын сала жүреді. Бұл әркім ескере жүретін ескіден келе жатқан ырым.

ИТКӨЙЛЕК

Иткөйлек (салт). «Иткөйлегі жоқ.Өзім тігіп беріп едім» (Ә.Нүрпейсов). Жаңа туған нәрестенің алғашқы көйлегін «иткөйлек» деп атайды. Өйткені ол шығарылғаннан кейін әлгі көйлекке тәтті түйіп, оны иттің мойнына байлап жібереді. Итті байлар қуып, жетіп, немесе шақырып, ұстап, тәттісін бөліседі. «Иткөйлекті» баласы жоқ келіншектер ырым қылып алады.
«Иткөйлек» атының шығуы оның иттің мойнына байлағандығында емес, халық итті «жеті қазынаның бірі» деп бағалауында жатыр. Сонымен бірге «баламыз көп болсын», «қиындыққа берік болсын» деген ырым да бар. Қазақта «итжанды» деген сөз оның беріктігі мен төзімділігін айтқаны.

ҚЫРҚЫНАН ШЫҒАРУ

Қырқынан шығару (салт). «Баланың қырқынан шығар тойына Сегіз сері шақырылып, одан балаға ат қойып, бата беруді өтінеді» (Н.Әбдуалиев). Қазақ халқының ғұмырында жеті, тоғыз, отыз, қырық бір сандары қасиетті деп есептеледі. Мысалы «Жеті жарғы», «Жеті қазына», «Бір тоғыз», «Үш тоғыз», «Қырықтың бірі қыдыр» деген қағидалар осы сандық ұғымынан пайда болған.Соның бірі баланы «қырқына шығару» дәстүрі. Әдетте баланың туғанына қырық күн толған соң оны ыдысқа қырық бір қасық су құйып шомылдырады. Бұл ресми дәстүр. Оған үлкен әжелер, әйелдер қатысады, кәде беріледі, дастархан жайылады. Сәбидің қарын шашы алынып, оны сәбидің өзінің киіміне матаға орап тігіп қояды. Мұндағы мақсат ертеде сурет болмағандықтан баланың, сәби кезінен ескерткіш ретінде сақтаудан шыққан.
Баланы қырқынан шығарудың тағы бір ерекше маңызы бар. Қырық күннен кейін сәби ширап, көз тоқтатады, құбылыс, дыбысты сезе бастайды. Қырқынан шығару салты міне, осыған байланысты шығып, ол сәбидің жан жүйесінің қалыптасып дені сау болып өсуіне деген ақ тілектен шыққан.
Осы жерде « қырқы» деген сөзге мән беру керек.
Қайтыс болған адамның да «қырқы» беріледі. Бірақ баланы «қырқынан шығарылды» деп, өлген адамға «қырқы берілді» деп атайды. Мұны шатастыруға болмайды.
Бала тәлімі мен тәрбиесіне қатысты ырымдар мен кәделер де бар.
Олар мынадай: құрсақ шашу, жарыс қазан, кіндік кесер, ат қою, бесікке салу, тыштырма, қырқынан шығару, тұсау кесу, тіл ашар, ашамайға мінгізу, аузына түкіру, шідерге сигізу т.б.
Категория: Базарлық | Қосқан: Nurka
Қарап шыққандар: 21208 | Жүктеулер: 0 | Комментарийлер: 1
Барлық комментарийлер: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
         Санаттар
Іс-шаралар жоспары [3]
Базарлық [5]
Қазақша кітаптар [4]
        Сауалнама
Сайтқа қандай материалдар қажет?
Барлық жауаптар: 301
        Мини-чат
 
200
         Ойын
Бесплатный конструктор сайтовuCoz

ШҚО Абай ауданы Қарауыл ауылы© 2025
Китапбаева Нұргүл және Төлеуханұлы Рауан