Омар
патшаны бір досы алыстан іздеп келеді. Досының келген кезі ақшам уақыты
екен. Патша өзін іздеп келген досымен амандасады да оған: -Отыра
тұрыңыз, - дейді. Сөйтеді де өзі ары қарай мемлекеттік қызметін үнсіз
жалғастыра береді. Ақыры патшаның сол күнге тән жұмыс уақыты да
аяқталады. Сонан соң барып, манадан бері жанып тұрған шырақты сөндіріп,
басқа бір шырақты жағады да, досының жай-күйін қайта бастан сұрастыра
бастайды. Досы Омар патшаның әуелі патшалық міндетін орындап болғанға
дейін өзіне үндемегенін, жұмысын аяқтап, жанып тұрған шырақты да
өшіріп, басқа бір шырақты жағып: «Ал, қанеки әңгімеңізді енді бастай
беріңіз» дегендей ишарасын сезіп, әсіресе басқа шырақ жаққанға қайран
қалғанын жасыра алмай, бұл істің мәнін сұрайды. Сонда Омар патша:
-Сөндірген шырақ пен оның майы мемлекеттікі. Сондықтан оны тек
мемлекеттің және халықтың жұмысын істеген уақытымда қолданамын. Сен
болсаң менің досымсың. Екеуіміз жай, әншейін өзіміздің жеке істеріміз
жайлы әңгімелесеміз. Ал мына екінші шырақ та, оның майы да өзімдікі. Өз
адал ақшама алынған. Оны жағып, осы сияқты өз жеке істеріме қолданамын.
Мемлекеттің мүлкін жеке іс үшін жұмсау жарықтық емес, ол қараңғылық
болады, - депті.
Құл-Керім ЕЛЕМЕС
"Сарыарқа самалы" газетінен алынды |