Алтынай
бүгін бес жасқа толды. Үстіне су жаңа ақ көйлек киіп алды. Оған
Жұлдызай өкпелеп, ернін томпайтты. – Сен ғой, туған күнің болған сайын
бір көйлек киесің екен. Былтырғы көйлегің кішірейіп қалыпты. Оны мен
енді кие алмаймын ғой. -Бүгін Ербол аға үйленіп жатыр. Тойға кеттік, -
деп асықтырды оларды ата-аналары.
Жұлдызай көңілсіз жүрді де қойды. Әлсін-әлсін Алтынайдың әдемі көйлегіне қарағыштай береді.
-Мен тағы өсемін ғой. Сонда осы көйлегімді саған беремін. Алтынай сіңлісінің көңілін өстіп аулағысы келеді.
-Сен сонда не киесің?, - деп елең етті Жұлдызай.
-Маған жаңасын алып береді емес пе? Екеуі
сыбырласып тұрған кезде қастарына фотоаппарат ұстаған бір ағай келді.
Жұлдызай фотоға түскісі келмеді.
–Шіркін, өзімнің жеке меншік ақ көйлегім болса
ғой, - деп армандады. Суретке түспей, көзін жұмып, ренішін ап-айқын
көрсетіп қойды.
-Сен ұл сияқтысың ғой. Алтынай оның бетінен сүйді.
–Жүр, Ербол ағаның келіншегін көрелік. Тойға
арналған көйлегі неткен сәнді. Жұлдызайды қызықтырады, қытықтады, небір
тәттілерді ұсынды. Бәрібір сіңлісі көңілсіздіктен арылған жоқ.
-Жүр, менің көйлегімді киіп суретке түсе ғой. Сіңлісін жетектеп Алтынай келесі бөлмеге өтті.
Жұлдызай әпкесінің ақ көйлегін тездетіп киіп алды. Сосын басына анасының орамалын тартты.
–Мен де енді үлкен болдым, -деді де дөңгеленіп билей жөнелді. Сол сәт дүние түгел нұрланып қоя берген-ай...
Нұрлан ҚҰМАР
"Сарыарқа самалы" газетінен алынды |